#

Енді қазақстандықтар қосымша арқылы өзін құмар ойыннан шектей алады

  • Эксклюзив
  • 18.03.2024 17:16

Қазақстандағы ойынқұмар азаматтар цифрлық формат арқылы құмар ойындарға қатысуын өз бетінше шектей алады.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 18 наурыздан бастап Қазақстан азаматтары, сондай-ақ ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге өздерін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады.

“Қазақстан азаматтары, сондай-ақ ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге өздерін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады. Бұл рәсім "Ойын бизнесі туралы" ҚР Заңының 15-1 бабында көзделген және автоматтандыруға дейін тиісті тұлғаларды өзін-өзі шектегендер тізіміне қосу 8 жұмыс күні ішінде қағаз форматта жүзеге асырылды”, – делінген хабарламада.

Сарапшылар жаңа қызметтің өтініштерді өңдеу мерзімін қысқартып, құмар ойындарға қатысудан өзін-өзі шектеу рәсімін жеңілдететінін атап өтті. Бұл барлық азаматқа, ең алдымен құмар ойындармен шектен тыс әуестенетін тұлғаларға лицензияланған ойын мекемелері мен букмекерлік кеңселердің заңды сайттарына кіруге лезде тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.

“Құмар ойындарға қатысуды шектеу үшін азамат немесе резидент телефонына eGov мобильді қосымшасын жүктеп алу керек. Сондай-ақ оның электрондық цифрлық қолтаңбасы болса болғаны”, – деп мәлімдеді Туризм және спорт министрлігі.

Өтініш ЭЦҚ мен өтінімге қол қою арқылы онлайн беріледі. Өтініш бергеннен кейін сервис өтінішті дереу тіркейді және өтініш берген тұлға өтінішті қайтарып алу құқығынсыз 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан шектелген адамдардың тізіміне енгізіледі. Бұл ретте, құмар ойындарға қатысуды шектеу және бәс тігу мерзімі аяқталғанға дейін шектеуді ұзарту туралы өтініш беруге болады.