Деректі фильмнің режиссёр әрі продюсерлері Дана Сәбитова, Альмира Исмаилова және Кристина Михайлова күнделікті өмірге өзгеріс әкелетін қазақстандық деректі фильм туралы мақалалар сериясын жалғастырады.
Ядыкар Ибраимовтың "Мұздық дауысы" – серпілісті әрі даулы фильм. Қалыптасқан форманы бұзып-жаруымен ерекшеленеді. Жергілікті консерватив күштер іргелі көзқарас тұрғысынан бұл жұмысты "киноға жатпайды" дегенімен, "Мұздық дауысының" әлемдік премьерасы біздің аймақ үшін маңызды Котбус кинофестивалінің "ECOEAST" эксперимент бағдарламасы аясында өтеді.
3400 метр биіктікте ежелгі Тұйықсу мұздығы жайылып жатыр. Алматы тауларының етегінде жатқан, шөл қандыратын алып мұз денесі ақырындап еріп жатыр. Мұздықтың дауысын жалғыз тұрған гляциология станциясында жұмыс істейтін екі зерттеуші ғана ести алады.
Кристина Михайлова: Біз кәсіби ортада шу тудырған фильм туралы айтып отырмыз, өйткені бұл Қазақстан үшін көріністі фильм үлгісі. Годфри Реджионың “Qatsi" көріністі кинотрилогиясының үздік үлгісі ретінде түсірілген “Мұздық дауысы” фильмінде мұздықтың дауысқа ие болып, бар болмысымен фильмнің бүкіл кеңістігін толтыруы – постгуманизм тұжырымдамасының талантты және батыл визуал бейнеленуіне мысал болады. Бірақ мұздықтың дауысы қандай? Біз көрермен ретінде ол дауысқа құлақ сала аламыз ба?
Дана Сәбитова: 2021 жылы Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығында өткен питчингте режиссёр әңгімені фильм түсіру идеясы қайдан туғанынынан бастап, өз басынан өткен оқиғаны айтып берді. Ядыкар тауда жалғыз серуендеп жүргенде қар борап, жаңбыр нөсерлетеді. Адасып, кері қайтатын жолды табуға тырысып жүрген ол тұман арасынан екі сұлба көреді. Сұлбаның бірі оған: "Мұның не, балам? Сәл болмағанда құрдымға кетер едің ғой", – дейді. "Сені анау құтқарып қалды", – деп бейтаныс адам мұздықты көрсетеді. Содан бері Ядыкар бірнеше жыл бойы мұздық туралы фильм түсіруді ойлап жүрген екен.
Ядыкар Ибраимов: Иә, бұл жоба 2014 жылғы тауға жорықтан басталды. Ол кезде Жүргенов атындағы академияда екінші курста оқып жүргенмін. Тауда жалғыз өзім алаңсыз жүре беретін едім, бірақ, бұлай жасауға кеңес бермеймін. Тұманда адасып, қай жерде тұрғанымды түсінбей, алғаш рет гляциология станциясының аумағына тап болдым. Кәсібіне сай мұздай болып киінген екі адамды кездестірдім. Олардың аты да, тұман арасында жүзі де есімде қалмапты. Бірақ біздің арамызда болған қысқа диалог мені жылдар бойы ойландырып қойды. Өзіңіз елестетіп көріңізші: жаһандық ауқымда да, жергілікті деңгейде де ауыз су тапшылығынан қашып құтыла алмайтынымыз мәлім, төніп тұрған алып мұздықтар еріп жатыр, ал ғалымдар үнсіз ғана осының бәрін бақылап отыр.
Бірнеше жыл өткен соң, қарашаның көңілсіз күндерінің бірінде достарымның кеңесімен "Қазақфильм" киностудиясына бардым. Есігінде "Уақытты сақтаушы" деген белгісі бар кабинетке кірдім. Темекі түтінінің арасында жас режиссёрлер, ал үстел басында аты аңызға айналған Әсет Ерназаров отыр екен. Әсет – жас режиссёрлер үшін ізінен аңыз ерген кәсіби режиссёр. Ол маған бір-ақ сұрақ қойды: "Қандай идеяңыз бар?”
Бәрі осылай басталды. Жоба туралы келесі көрініске тоқталсам, екі жылдан кейін фильм түсірілетін локацияны қарауға бардық. Сол кезде қоюшы-оператор Қуаныш Құрманбаев мұздықтағы ағыннан өтіп бара жатып суға құлап, көзден ғайып болды. Продюсер Мика Саруар екеуіміз қатты қорқып кетіп, оны құтқару үшін тұра жүгірдік. Сол арада мен өзім абайсызда шалыс басып, құмға құладым. Қазірге дейін есімде: әп-сәтте дымқыл, мұздай құм мені жұтып бара жатты. Сол кезде Қуаныштың қолын көрдім, ол мені шығарып алды. Тағы бір көрініс: камера механиктерінің бірі мұзды шыңның қоршауында, алыста құлап жатқан тастардың гуіліне қарамай намаз оқып жатты.
Бұл бір санатқа жататын, бірақ әр күні болған жағдайлар. Аяқ басқан сайын алдыңнан шығатын қауіп-қатермен күресу керек болды. Қарлы боран, нөсер, адамды ұшырып жіберетін қатты жел, қаламен байланыстың болмауы, оттегі жетіспеуі, иыққа түскен ауыр салмақ, күн сайын кешегіден де жоғары көтерілу, тастардың құлауы, суық темір вагон- бөшкеде ұйықтау. Осы уақыт ішінде мұздық біз үшін қасиетті, көнеден келе жатқан құдіретке айналды. Әрқайсымыз оның дауысын белгілі бір дәрежеде сезіндік.
Дана Сәбитова: Идеяны таныстыру кезінде ғалымдар алдағы 30 жыл ішінде толығымен жойылып кетуі мүмкін деп болжам жасап отырған Тұйықсу мұздығының еруін экологиялық проблема ретінде белгілеп алдық. Режиссёрлік экспликацияның мәні түсіру кезеңінде мұздықтың табиғатын зерттеу үшін мұздықтың жетегімен жүруі болды. Фильмнің басты кейіпкері – мұздықтың өзі. Қосымша драмалық кейіпкерлер: күн сайын таңертең мұзға жалаңаш алақанын қойып, онымен сөйлесетін гляциологиялық ғылыми-зерттеу стационарының егде жастағы қызметкері және оның мұрагері, стационардың жас қызметкері.
Жобаны қорғау салқынқанды, жылдам өте шықты. Ядыкардың тұжырымдамасына алғашқы рефлексия ретінде Ұлттық киноны қолдау жөніндегі мемлекеттік орталықтың (ҰКМҚО) бұрынғы төрағасы Есетжан Қосубаевтың есте қалған пікірін келтірсем деймін.
"Сіздің жандүниеңізді түсініп тұрмын, жастар арасында мұны екінің бірі түсіне алмайды. Бұл жай деректі фильм емес, авторлық картина, тіпті философиялық астарлы әңгіме болуы мүмкін. Бұл оқшау тарих, ал ішіне үңілер болсақ, екі адам мен мұздықтың қарым-қатынасы түріндегі психологиялық фактор бар".
Ал 2023 жылы ҰКМҚО мен "Мұздық дауысы" фильмінің шығармашылық тобы арасындағы ынтымақтастық өкінішті жағдайда өрбуі мүлдем түсініксіз. Сараптамалық кеңестің түсініктемесіне сүйенсек, олар мұның киностудияға мүлдем тән емес деректі фильм болатынын түсінген. "Мұздық дауысын" барынша қабылдамауға тырысты, монтажды қайтадан жасауды талап етті, кадрдан тыс мәтінді түсіндіретін ақпараттық инфографика қосу керек деген талап қойды. Неге екені белгісіз, "адам мен мұздық арасындағы оқшау қарым-қатынас тарихы" деген тұжырымдама мүлдем ұмыт қалып, "авторлық картина мен астарлы философиялық әңгімені" экологиялық апат туралы ғылыми-танымдық фильмге айналдыру керек деп тапты
Кристина Михайлова: Фильмді тапсыру кезінде "Қазақфильмнің" редакция алқасы да, ҰКМҚО сарапшылар комиссиясы да фильмнің көркемдік формасын қабылдамауы зерттеу тұрғысынан мені ойландырады. Яғни, тікелей цензура мағынасына ғана емес, автордың шығармашылық шешіміне де қатысты. Ядыкар "жастар арасында мұны екінің бірі түсіне алмайды" деген сөздің тұтқынына және құрбанына айналды. Мәдениет министрлігі, Ұлттық киностудия, ҰКМҚО және қазақстандық деректі фильмдер қауымдастығы сияқты әртүрлі құрылым өкілдерінің бұл фильмді "бұл кино емес" деп сипаттаудағы бірауыздылығы таңғалдырмай қоймайды.
Шынында да, "Мұздық дауысы" – "кино дегеніміз не" деген қатып қалған түсініктің шекарасынан, тіпті кеңестік және посткеңестік телевидение, қазақ және "орыс" академиясы санамызға сіңірген кино түсінігінің шекарасынан шығу жолындағы батыл әрекет. Сондықтан Ядыкарға "бұл кино емес” дегенді комплимент ретінде қабылдауды ұсынамын.
Экранда бір-бірімен баяу алмасқан мұздықтың көрінісі. Академиялық хор қазақша ән айтып жатыр. Кейде гляциологтарды көреміз, бірақ олар бірдеңе айтқан күнде де не айтқанын ажырата алмаймыз, өйткені мұздық үшін біздің дауысымыз жартаста адасқан желдің шуы ғана. Мұнда адамдар жалғыздық құрсауында өмір сүреді, тіпті өмір екінші кезекте сияқты көрінеді. Сондықтан әр кадрды көрген сайын бұл фильмнің адам туралы емес екенін түйсіне түсеміз. Адамнан басқа бірдеңенің соңынан еру – дебютін түсіріп жатқан режиссёр үшін үлкен тәуекел.
Адам туралы оқиға әлемдегі кез келген көрерменге түсінікті, әсіресе, деректі фильмде. Әр режиссёр мен көрерменге мәлім белгілі бір драмалық манипулятив құрылымды ұстану жеткілікті. Бірақ Ядыкар мұздықты бас кейіпкер етуге бел буды. Бұл оның қазақстандық суреткер ретіндегі өзіне шектеу қоймайтын, бірегей және ерекше қасиетінен хабар береді.
"Қазақфильмнің" цензурасы, ҰКМҚО сарапшыларының цензурасы, тіпті деректі қоғамдастықтың шектеуі саяси тұрғыдан аса қорқатын нәрсе емес. Ал өзіндік цензура болса, оны жеңу былай тұрсын, ұғынудың өзі қиын. Кейінгі екі жылда біз деректі фильм түсірушілер ұжымы ретінде қоғамдық бірлестіктер құрып, кино туралы заңға енгізілген түзетулерді бірлесе талқылап, көптеген фасилитация сессиясын ұйымдастыра отырып, өз арамызда ынтымақтастық қалыптастыру үшін түрлі әрекетке бардық. Бұл теңдессіз тәжірибе деректі фильм түсіруші әріптестеріміз арасында Қазақстанда цензура жоқ деген парадокс пікір қалыптасқанын көрсетті. Әріптестерім менен тыйым салынған тақырыптар бар-жоғын сұрады. Мен үшін мұндай тақырыптар, жұмсақтап айтқанда, бар екені анық.
Адам құқықтары, саяси қуғын-сүргін, Qandy Qantar, LGBTIQ+ community өкілдері туралы, сонымен бірге феминистік, экологиялық және деколонизация тақырыбында мықты деректі фильм түсіру мүмкін емес. Бұл тізімді шексіз жалғастыра беруге болады. Көбіміз Әсия Байғожинаның Желтоқсан туралы "Жарияланбаған демонстрация шежіресі" немесе қазіргі Қазақстанды исламдандыру туралы "Сенім іздеуде" фильмдерін көрдік. Мұндай фильмдердің авторға қалай берілетіні басқа әңгіме. Мұндай таспа түсіретін болсақ, мемлекеттік қаржыландырудың тіпті ішінара да болуы мүмкін емес, мемлекет мұндай тақырыптарға делдал ретінде де араласпайды. Оны былай қойғанда, дистрибуция немесе тәуелсіз продакшнның өзі мүмкін емес.
Қазақстанда деректі фильм түсірушілер арасында цензура жоқ деген пікірдің неден пайда болғаны өте қызық. Ол өте жақсы жұмыс істейтін өзіндік цензураға айналып кеткен. Авторлардың өзі өзіндік цензураны қалыпты нәрсеге айналдырып қойған.
Мұндай айқын нәрселерді көпшілік алдында айтудың өзі біртүрлі, бірақ Қазақстанның деректі фильмдер индустриясындағы жағдай осыны талап етеді. Біз идеологиялық және мазмұндық цензураны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ суретші ретінде формамен жұмыс істей аламыз, оны отарсыздандырамыз, шешілмеген мәселе ретінде қалдырамыз. ARTBAT FEST аясында деректі фильм көрсету кезінде арасы тым алшақ қазақстандық деректі режиссёрлер мен көрермен кездесті, өзіндік бірегейлігімізді білдіру үшін кино тілін қайта ойлап табу керектігі, деколониал этика мен эстетиканы қайта ұғынуға сұраныс жоғары екені мәлім болды.
Ойшыл қазақстандық көрерменнің экранға қоятын талабы жоғары. Біз жергілікті деректі фильмдерге назар аудартуға тырыстық, ал көрермен өзін-өзі отарлау, телевизиялық форма, цензура және өзіндік цензураны қатаң сынға алды. Басқасын айтпағанда, менің ойымша, Ядыкар мен оның таңғажайып "Мұздық дауысы" өзіндік цензурамен аянбай күресіп келеді. Бұл жолда ол Тұйықсудың гуілі мен өзінің кино тілін тыңдайды.
Қорыта айтсақ, Ядыкар қалыптасқан репрезентация әдістеріне ұрынбайды және көркемдеуші құралдармен басқаша жұмыс істейді. Бұл сыни әрекет "кино" ұғымынан айтарлықтай алыс кетіп, сол алыстан Қазақстанда және жалпы кино не істеп жатқанын қайта бағамдауға тырысу үшін жасалған. Мұндай әрекетке алғаш рет деректі кино өлшемімен алғанда аз болса да, мемлекеттің ақшасы жұмсалғаны факті. Одан кейінгі қабылдамау, кері тойтару, талас-тартыс, алданған үміт пен бәрінен түңілу – қазақстандық деректі фильмде күнделікті өмірде төңкеріс жасайтын адамдар бар екенінің белгісі.
Альмира Исмаилова: Ядыкар бір сұхбатында Виктор Косаковскийдің "Акварель" фильміне сілтеме жасады. Көріністі киноның басқа мысалдарын еске түсірсек, бірден ойымызға Годфри Реджионың "Qatsi" трилогиясы оралады. "Мұздық дауысы" содан бастау алғандай болып көрінгенімен, трилогиядан өте қатты ерекшеленеді. "Qatsi" трилогиясы – идеяны бір жолға қоюға болатын high concept-тің жарқын мысалы. "Qatsi" терминінің лексикалық толықтығы – сюжеттің негізі. "Акварельді" әу бастан-ақ режиссёр low concept ретінде орналастырған. Косаковский бүкіл әлемдегі көрерменнің назарын аударатындай етіп су туралы фильмді қалай түсіруді ойлап тапты. Менің ойымша, "Мұздық" та high concept форматына келмейді. Сондықтан алғашқы көрермендер айтқандай, "ештеңе болған жоқ" деген фильмнің темпоритмі туралы айту керек.
“Qatsi" трилогиясының темпоритмі мен драматургиясы толығымен Филипп Гласстың музыкасына негізделген, трилогияны тектен-текке киноконцерт деп айтпайды. Реджионың музыкасы көптеген функцияны орындайды. Ең бастысы, мен оның қалай үрей тудыратынын, көрерменнің эмоциясын қосатынын көремін. Бұл темпоритмге керемет әсер етеді. Мұндай фильмдер бір деммен қаралады. Ядыкардың фильмінде басқа темпоритм бар. Ол өзі сипаттайтын мұздық сияқты баяу, монументал және ебедейсіз.
"Мұздық дауысында" музыка визуал компонентпен тығыз байланыста жұмыс істейді, қатты мазасыздану сезімін тудырады, мең-зең етеді. Баяу панорама, интерьердегі бірсарындылық, жалпы планның сырт қалуы салқындық пен сезімсіздік тудыруға жұмыс істейді. Бұл шешім бір сәтте тіпті тым асқақ көрінеді, бірақ онда қалыс қалу, артық дүниені кесіп тастау мотиві де бар. Мұндай нәрсе көрерменнің есін алады, бірақ автордың мақсаты да, өзіндік қолтаңбасы да осы сияқты.
Хоппи үндістерінің болжамы және фильмнің драматургиясы дамитын көп мағыналы qatsi сөзі Реджионың тұжырымдамасына айналады. "Мұздық дауысы" фильмінің атауына сүйеніп, мұздық шығаратын дыбысты естиміз деп болжауға болады. Мұздық қалай тыныс алады, қалай сөйлейді? Бұл, менің ойымша, автордың толықтай жүзеге асып үлгермеген данышпан идеясы. Бәлкім, бұған уақыттың тапшылығы кінәлі шығар. Қазіргі деректі кинода фильмдер бірнеше жыл бойы түсіріледі, біз бұны қайталап айтудан жалықпаймыз. Әрине, бұл материалдың сапасына және тақырыпты пысықтауға әсер етеді. Ядыкар 9 күнін мұздықпен бірге өткізді. Бұл өте аз және мұндай жағдайда мұздықты естіп үлгермеуі де мүмкін.
Бұл жерде мұздықтың жанында жылдар бойы жүрген гляциологтар үлкен көмек берер еді. Алайда режиссёр адамның физикалық кеңістігімен араласудан қорқатын сияқты. Фильмде бір ғана көрініс бар, ол маған тым жақын болып көрінді. Онда кейіпкерлердің бірінің ұйықтап жатқаны бейнеленген. Камера ұйықтап жатқан адамның біркелкі тыныс алуын бақылайды. Бірақ панорама кейіпкерден тым алыс әрі автор көрерменге эмоция тудыруға мүмкіндік бермейді. Осылайша, біз кейіпкерді емес, кейіпкердің символдық белгісін көреміз. Бұл сезім тау фонындағы әйел мен баланың түсімен жалғасады. Деректі кинодағы сахналық көріністер оны гибрид жанрға айналдырады және бұл ретте ойын деректі фильмнен шығып кетпеуі үшін, оның табиғи жалғасы болуы үшін мүмкіндігінше мұқият болу керек.
Автордың контекстің ішінде болуы туралы айту қызықты. Ядыкар мұздықтың тарихын әлдебір ғарыштық ауқымда баяндайды. Ол оптиканы кеңейтеді, бірақ бізді адам жоқ ауасыз кеңістікте қалдырады. Осы тұрғыдан алғанда, жаңалықтар репортажы мен қала көріністері бар кадр бөтен элементтер болып көрінеді. Өйткені, мұздықтың еруі осы қаламен тікелей байланысты. Сонымен, қала неге иесіз? Реджионың "Кояанискатсиінде" біз полицейлердің есінен танып жатқан адамды зембілге салып жатқанын көреміз. Бұл эпизодта режиссёр сынайтын осы бір адам туралы да, осы қоғам туралы да, осы қала туралы да көп нәрсе бар. "Мұздықтың дауысы" проблеманы соншалықты сақтықпен айтады, бұл тіпті сыбырлаудан да баяу.
Менің ойымша, суретшінің мұндай дауысы біздің езілген қоғамның жаншылған және мылқау күйін көрсетеді. Бұл жерде автордың өзі туралы да білу керек. Ядыкар – ұйғыр мәдениетінің өкілі, бұл тақырып ол үшін өткір және ауыр. Алматыда өткен Qara деректі кинофестивалінде оның "Дина" қысқаметражды фильмі көрсетілді. Ол Шыңжаңдағы түзету лагерінен өткен қыз туралы әңгіме. Талқылау барысында Ядыкар "ұйғыр мәдениеті қатып қалғандай" деп атап өтті. Бұл жауапта мен үшін "Мұздық дауысы" – қуғын-сүргінге ұшыраған мәдениет; тіл мен дәстүрді сақтауға мүмкіндік бермеген және дауыстарын тұншықтыруға тырысатын адамдарды жоқтаудың бір түрі.
Кристина Михайлова: "Мұздық дауысын" алғаш көргенде, фильмді көргеннен гөрі тыңдадым деуге болады. Өз құлағыма өзім сенбейтіндей халде болдым, өйткені музыкалық сүйемелдеу соншалықты нәзік, талантты және әсерлі болды. Оны тек түс көрумен салыстыруға болады. Әдетте, қазақстандық деректі кинорежиссёрлер орташа, үстірт, эмоциялық балдақ функциясына дейін кемітілген иллюстрациялық музыкамен жұмыс істейді, онда фильм ҰКМҚО мұрағатының сөрелеріне түседі. "Мұздық дауысын" заманауи кинотеатрларда тұңғиыққа бату атмосферасында және жақсы дыбыстық жүйеде көруге және тыңдауға барлық мүмкіндіктің кесілгені қаншалықты өкінішті екенін айтып жеткізу қиын.
Мен фильмнің композиторы Роберт Зиганшинмен сөйлестім. Роберт фильмге арнап ерекше музыка жазды. Негізгі лейтмотив – 24 адамнан тұратын авторлық хор пьесасы. Жазбаға Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының вокалистері мен Ілияс Дүйсен жетекшілік еткен "Қазына" вокалдық ансамблінің вокалистері қатысты. Ілияс Дүйсен ең төменгі бассты орындады. Ілияс – Қазақстанда бас профундоны (терең бас) орындай алатын жалғыз вокалист. Пьеса өте төмен нотадан басталады, ол нотаны жалпы көп ешкім ала алмайды. Мүмкін мұздықтың дауысы дегеніміз осы шығар? Хор кезінде Гетенің өлеңін неміс тілінен аударған Лермонтовтың орыс тіліндегі өлеңінен аударылған Абай өлеңін қазақ тілінде орындайды. Роберт Гетенің Альпі тауларынан шабыттанғаны, Лермонтовтың Кавказ тауларынан, ал Абайдың Тянь-Шань тауларынан шабыттануы шабыттандырды деп әсерін де айтты.
Роберт Зиганшин: Мен мұздыққа бір күнге көтерілгенде, Ядыкар екеуіміз бір нәрседен шабыт алу үшін кадрларды көруге отырдық. Біз хорды тарту керемет болатынын бірден сезіндік. Ядыкар сол кезде: "Бұл мұздықтар бір-бірімен сөйлесетіндей сезіледі. Біреуінен тастар домалайды, екіншісінде мұздың бір кесегі шытынап сынады, үшіншісінде жылғалардан тоқтамай сылдырлап су ағады. Бұлттар бір мұздықтан екінші мұздыққа хабар жеткізгендей жүзіп жүреді", – деді. Мен мұны ұйықтар алдында өзім үшін жаздым алдым.
Ядыкар мұздықтарды тірі тіршілік иесі ретінде көрсету идеясын үнемі айтып отырды. Біз қандай көңіл-күйді түсіру керектігін талқылағанымызда, ол: "Міне, мына жерде мұздыққа жайсыз екенін көрсетуге тырысыңыз", – деді. Сонымен бірге музыкалық тұрғыдан бейтараптықты, ымырасыздықты, сұлулықты және табиғаттың қауіпті екенін атап көрсеткіміз келді. Сондықтан болар, хор пьесасында мен диссонансқа ұмтылдым. Олар өзінің ұсқынсыздығымен әдемі. Және суықты жеткізуші.
Хор туралы fun-fact: хор пьесасының әртістеріне ақы төлеуге менің гонорарымның төрттен үш бөлігі кетті. Кәсіби студияда жазуға ақша жеткіліксіз болды. Сондықтан менің ас үйімде жаздық, бейнені Instagram желісінен көруге болады. Тұйықсу мұздығы менің ас үйімде ериді. Өзімнің жеке мотивациям туралы айтатын болсақ, Ядыкардың маған қатты әсер еткен бір маңызды сөзі болды: "Ең қорқыныштысы, мамандар төніп келе жатқан апат туралы бұрыннан біледі, бірақ сырт көзге ештеңе байқалмайды. Сыртынан бәрі тыныш және үнсіз көрінеді".
Ядыкар Ибраимов: Бүкіл командамызбен біз мұздықтың рухани жағын сезіндік. Мұздық бізді алып жүрді. Мен бұл жұмысқа үлкен құрметпен және сүйіспеншілікпен қараймын. Біз естіген дауысты түсіріп алдық. Мемлекеттік құрылымдардың фильмді қабылдамауымен байланысты қиындықтарды Андрей Тарковскийдің "Сталкер" фильміндегі еттартқышпен салыстыруға болады. Оруэлл мен Франц Кафканың сюжеттерімен салыстыруға болар. Жалпы, жанға жара салатын, жүректі ауыртатын тәжірибе. Егер шығармашылық біздің дене мүшеміз болса, онда кинодағы әр дебютанттың бұл мүшесінде терең тыртық пен жара қалады. Әрқайсымыздың бойымызда ауыр жарақаттан кейінгі синдром пайда болды, оны әркім өзінше басқарады. Бұл тақырыптағы әңгімені әлі күнге дейін эмоциясыз айта алмаймын. Мағынасыз күлкі мен ұмытуға деген ұмтылыс байқалады. Бірақ фильм табиғаттың маңызы қандай екенін және адамның табиғатқа деген қарым-қатынасы қаншалық қатігез екенін түсінуге әкелді.
Дана Сәбитова: Мен де мұның бәрі режиссёр үшін өте ауыр, оны әлсірететін және қорлайтын тәжірибе деп көремін. Қиындықтар тізбегіндегі жалғыз жарқын нүкте – Ядыкардың жалғыз еместігі, командамен, әсіресе оның продюсері Мика Саруармен болғаны. Мика ұлттық киностудияның жүздеген есігін сан рет қағып жүріп, мұздыққа әлі де баруға және түсіруге болатынын дәлелдей алмай, тамыз айында ең болмаса 10 күн түсірілім жасауға мүмкіндік беруді сұрады. Оның орнында Қазақфильмнің штаттағы продюсері болуы мүмкін екенін елестетудің өзі қиын. Фильмнің бюджеті қалыпты 25–30 миллион теңгеден аспайды, ал фильм өндірісіне кеткен уақыт үш айдан асқан жоқ.
Түсірілім тобының қолдауына қарамастан, "Қазақфильм" мен Ядыкар екеуінің де көңілінен шығатын нұсқаға келген жоқ. Фильмнің ресми трейлерінде режиссёр титрде көрсетілмеген. Ал қазір бізде фильмнің екі нұсқасы бар: режиссёрлік нұсқа және ҰКМҚО-ға тапсырылған ресми нұсқа. Бұл фильмнің құқықтарына қатысты мәселе ерекше өткір болып тұр. Кез келген сату және өз бетімен тарату мүмкіндігі толығымен жабық. Видеоарт шегіндегі мұндай деректі фильм фестивальде көрсететін стандарт стратегияға мүлдем сәйкес келмейді, ал балама стратегия жасау мүмкіндігі заң тетігімен түбегейлі жойылған.