#

Петропавлда сыныптастарына балтамен шабуыл жасаған баланың ақыл-есі дұрыс деп танылды

  • Навигатор
  • 29.09.2023 16:09

Петропавлда мектепке балта ала барып, сыныптастарын өлтірмек болған баланың ақыл есі дұрыс деп танылды. Жасөспіріммен жұмыс істеген мамандар осындай қорытынды шығарған.

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті тергеуді аяқтап, істі прокуратураға жіберді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

Атышулы оқиға ақпан айында болған еді. Петропавлдағы 4-ші мектептің оқушысы білім беру мекемесіне балта ала барып, сыныптастарына шабуыл жасаған. Оған дейін бірнеше күн бойы бетперде жасап, жоспар құрған. Салдарынан жарақат алған 3 бала ауруханаға жеткізілді. Қазір зардап шеккендердің жағдайы жақсы. Күдікті бірден қамауға алынды. Жасөспірімді анасы жалғыз тәрбиелеп келген.

"Наурыз айында аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодексінің 24-ші және 99-шы баптары бойынша іс қозғалып, тергеу жүргізілді. Сот-сараптамалық жұмыстардың барлығының қортындыларын алдық. Қазір істі прокуратура тексеріп жатыр, одан кейін сотқа жолданады", — деді СҚО Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабұлдинов.

Бұған дейін құзырлы орган өкілдері баланың психологиялық диспансерде есепте тұрғанын, ақыл-есі дұрыс емес екенін жеткізген болатын. Жасөспірімнің бірнеше рет Алматы қаласындағы клиникаларда емделгені де айтылған еді.

Алайда сараптама жұмыстары жасөспірімнің өз іс-әрекетіне жауап бере алатынын көрсеткен.