#

Иран президентінің қазасынан соң билік транзиті мәселесі туды

  • В мире
  • 22.05.2024 07:34


Иран президенті Раиси тікұшақ апатынан қаза тапты


Иран президенті Ибрагим Раиси тікұшақ апатынан қаза тапты. Бұл жағдайдан соң Иран Ислам республикасының жоғарғы жетекшісі аятолла Әли Хаменеидің консерватив бағдарламасының келесі орындаушысы кім болады деген сұрақ туды.

Read this article in English.

Читайте этот материал на русском.

Не болды?

Жексенбі күні кешкілік Иранның Шығыс Әзербайжан провинциясындағы (Әзербайжанмен шекаралас) шалғай таулы аймақта Раиси мен сыртқы істер министрі Хосейн Амирабдоллахян және өзге де жоғары лауазымды шенеуніктер мінген тікұшақ құлады. Іздеу-құтқару жұмысы апаттан кейін бірнеше сағат өткенде басталды, бірақ мамандар президенттің қайтыс болғанын мәлімдеді.

Хаменеи халыққа үндеу жолдап, бес күн ұлттық аза тұту деп жариялады.

Ибрагим Раиси кім болды?

63 жастағы Раиси 2021 жылы президент болып сайланды. Ол Хасан Руханидің орнын басты. Рухани конституцияның мүмкіндігін пайдаланып, президенттік тақта екі жыл отырды.

Руханидің саяси күн тәртібі реформа жасауға негізделді, ал 2021 жылғы Раисидің жеңісі консерватив бағытқа түбегейлі бетбұрыс болғанынан хабар береді.

«Хаменеи үйінде тәртіп орнатып жатқандай болды», – деп жазды FT Таяу Шығыс бойынша редакторы Эндрю Ингланд.

Раиси президент болған жылдары «моральдық заңнаманы» қатайтуымен, үкіметке қарсы наразылықты аяусыз басып-жаншумен және Иранның Израильге алғашқы тікелей шабуылымен танылды.

Қатаң консерватив ұстанымының арқасында Раиси 85 жастағы Хаменеидің мұрагері болуы ықтимал еді. Газа секторындағы соғысқа көзқарасын анық-қанық білдіру арқылы АҚШ-пен аса сақтықпен жақындасып келе жатқан Иранның Израильмен қарым-қатынасы шиеленісе түсті.

Былтыр АҚШ пен Иран үкіметтері бес тұтқынды алмасып, Иранның Қатар банктеріне аудару үшін ұстап отырған Оңтүстік Кореядағы 6 миллиард долларға жуық активін жіберуге келіскен еді.

Енді не болады?

Конституцияға сәйкес, Хаменеи бірінші вице-президент Мұхаммад Мохберді президенттің міндетін атқарушы етіп тағайындады. Кезектен тыс сайлау 28 маусымда өтеді деп жарияланды.

Реформашылдар лагерінің өкілдеріне, оның ішінде ең әуелі Руханиге биыл Иран президенті қайтыс болған жағдайда орнына басшы тағайындауға жауапты орган саналатын Сарапшылар кеңесінің сайлауына қатысуға рұқсат бермеді. Консерваторлар басқаратын сарапшылар кеңесі 2032 жылға дейін жұмыс істейді. Хаменеи осы сегіз жылдың ішінде қайтыс болса, бұл кеңес Иранның болашағын анықтауда шешуші дауыс береді.

Қазіргі аймақтық қақтығыстар жағдайында Раисидің өлімі айтарлықтай оқиға болғанымен, бұл жағдай Иранның сыртқы саясатын, әсіресе Газа соғысына қатысты көзқарасын өзгертуі екіталай. Сыртқы саясатта шешім қабылдау Хаменеидің қатаң бақылауымен жүзеге асады.

Сарапшылар биліктің ауысу процесі бұлыңғыр болып тұрғанын айтады.

«Бұл консерватив топтың ішінде әртүрлі лагерь бар, арасында қатып қалған көзқарастағылар да, прагматиктер де бар», – дейді Берлиндегі SWP сараптама орталығының қызметкері Хамидреза Азизи BBC-ге берген сұхбатында.

Материалды дайындауға Амина Ақтайлақова үлес қосты.

Власть — это независимое медиа в Казахстане.
Поддержите журналистику, которой доверяют.
Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.
Поддержать Власть