Қазақстан Премьер-Министрі «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасының іске асырылу барысымен танысып, дәнді-бұршақты дақылдарды өңдейтін жаңа кәсіпорында болды. |
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Қазақпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Қостанай ауданы Заречное ауылында «Ауыл аманаты» жобасына қатысушысы Қымбат Кокиева құрған шаруа қожалығының жұмысымен танысты.
Бағдарлама бойынша ол 5,2 млн теңге алған, соның арқасында 13 бас ірі қара сатып алып, жұмысшы жалдаған.
Премьер-Министр «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру Жамбыл облысынан басталғанын еске салды. Аталған жоба өзін тиімді құрал ретінде көрсетті, сондықтан 2023 жылдан бастап оны еліміздің барлық аймақтарына тарату туралы шешім қабылданды.
«Биыл бағдарламаны іске асыру жалғасын табады. 17 мың шағын несие беру жоспарлануда. Ең бастысы – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және кірісті арттыру, кооперация мен ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту. Жоспарларды жүзеге асыруда табыс тілейміз», — деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ Премьер-Министр қуаттылығы жылына 170 мың тонна дайын өнім шығаратын «Кайдзэн» дәнді-бұршақты дақылдар өңдейтін жаңа кәсіпорында болды.
Мұнда шикізаттан бастап қаптамаға дейін толық өндірістік цикл жолға қойылған.
Жобаға 4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 70 жұмыс орны ашылды.
Әлихан Смайылов Үкіметтің алдында агроөнеркәсіптік кешенде шығарылатын өнім көлемін екі есеге арттыру бойынша үлкен міндет тұрғанын атап өтті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Үкімет басшысы Қостанай облысына жұмыс сапармен барған болатын.