#

Қазақстандағы ДДСҰ өкілдері: «Қазір әлем біздің көмегімізге бұрынғыдан да зәру»

  • Среди нас
  • 18.04.2025 03:31

Ұйым үшін Қазақстанның рөлі және елдегі денсаулық сақтау саласының ахуалы туралы

COVID-19 пандемиясы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДСҰ) ішкі реформаларды жеделдету және негізгі төтенше жағдайларға дайындыққа басымдық беретін бетбұрыс болды. Алайда АҚШ-тың ұйымнан шығуына байланысты тағы бір дағдарыс тууы мүмкін, себебі ДДСҰ бюджетінің 18%-ын АҚШ жабады.

Соған қарамастан, ұйым жаһандық денсаулық сақтау саласында маңызды рөл атқарып, жобаларын қаржыландыратын көп елді қамтуға ниетті .

Сонымен қатар, ДДСҰ қажеттілік жоғары елдерде қызметін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл ретте алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудегі қазақстандық тәжірибенің маңызы зор болмақ.

«Власть» Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Скендер Сыламен және ДДСҰ Еуропалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының басшысы Мелитта Якабпен ұйымның болашағы, оның қызметі үшін Қазақстанның қаншалық маңызды екені және елдің медицина жүйесінің жағдайы туралы сөйлесті.

Алдымен коронавирус пандемиясынан кейін ДДСҰ-да қандай өзгерістер болғаны туралы сөйлесейікші. Жағдайдан қандай сабақ алдыңыздар және бұл жұмыстарыңызға қалай әсер етті?

Сыла: Пандемия ДДCҰ-дағы реформаларды жеделдетіп, ұйым төтенше жағдайларға дайындыққа және әрекет етуге баса назар аударды. Берлинде (Германия) ДДСҰ-ның пандемия және эпидемия туралы барлау хабы құрылып, 2021 жылы іске қосылды. Бұл орталықтың негізгі мақсаты – жаһандық бақылау мен мәлімет алмасуды жақсарту.

Өздеріңіз білетіндей, ДДСҰ-ға мүше елдер де болашақта пандемия жағдайында халықаралық үйлестіруді күшейту үшін заңды түрде міндетті пандемия туралы келісім бойынша келіссөз жүргізіп жатыр.

Жергілікті әрекет ету мүмкіндігін жақсарту үшін аймақтағы және әр елдегі кеңселер де күшейтілді әрі кеңейтілді.

Мысалы, Қазақстанда төтенше жағдайларға дайындықты жақсарту үшін денсаулық сақтау ұйымдарымен күн сайын жұмыс істейтін қызметкерлеріміз бар.

Сонымен қатар қазір Қазақстанда «Бір денсаулық» тұжырымдамасы бар, ол адамға қауіп төндіретін кез келген ауруды жедел анықтау мақсатында тиісті министрліктің, экология және ауыл шаруашылығы министрліктерінің күш-жігерін біріктіруді көздейді.

Якаб: Пандемия кезінде біз түрлі мамандық өкілі бар екенін түсіндік. Бірі денсаулық саласымен, бірі әлеуметтік мәселемен айналысады, енді бірі психикалық саулық бойынша жұмыс істейді.

Жалғыз өзі тұратын қарт адам бар дейік. Пандемия басталып кетіп, ол үйінен шыға алмай қалады. Ішерге асы жоқ, сөйтіп күйзеліске түседі. Бұл да вирус жұқтырып алғандай қиын жағдай деуге болады.

Осыған орай физикалық және психикалық саулықпен қатар әлеуметтік әлеуетті де қамтитын бірегей жұмыс бағытын құрастыруға назар аудара бастадық.

Қазақстан 2018 жылы медициналық-санитарлық көмек бригадасына психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер жұмысын енгізіп, уақыт ұтты деуге болады. Бұл Еуропа елдерінің көбіне таңсық саналатын мультидисциплинар үлгі. Пандемия жағдайында ол өте пайдалы болып шықты.

ДДСҰ қазір АҚШ-тың ұйымнан шығуына байланысты тағы бір үлкен дағдарысты бастап кешіп жатқан сияқты. Бұл сіздерге қалай әсер етеді? Мұның кесірінен елдер өз бетінше зерттеу жүргізіп, дәрі-дәрмек пен вакцинаны өзі жасап, бөлініп кетуі мүмкін бе?

Сыла: АҚШ ұйымның кейінгі 75 жылдағы жұмысына үлкен үлес қосты және біз оның сау және қауіпсіз әлем құруға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Америка ДДСҰ-ның негізгі донорының бірі, бюджеттің шамамен 18%-ын (1,26 млрд доллар) жауып отыр.

Бірақ біздің басқа да ірі донорларымыз бар. Олар ұйымды тұрақты негізде (экономикалық дамуы мен халық санына қарай) және ерікті қайырымдылық жолымен қаржыландырады. Олардың қатарында Еуропа Одағы, Германия, Ұлыбритания, Қытай, Жапония, Франция, Канада және тағы басқалары бар. ДДСҰ-ның жалпы жылдық бюджеті 3 миллиард долларға жуықтайды.

АҚШ әкімшілігінің ДДСҰ-дан шығатыны жөніндегі мәлімдемесінен әлем күйреп қалған жоқ. Апаттар мен төтенше жағдайлар әлі де болады. Жаңа аурулар пайда болады және ол да тарайды. Сондықтан әлем көмекке бұрынғыдан да зәру.

Мұндай жағдайда ДДСҰ-ның үйлестіруші ретіндегі рөлін ескере отырып, денсаулық сақтаудың жаһандық қалыбын одан әрі күшейту қажет. Ұйым аурудың негізгі себептерін жою арқылы әлемнің, соның ішінде америкалықтардың денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқара береді.

Әр мемлекет дәрі-дәрмек пен вакцинаны өзі өндіре алса да, мұны бірігіп істеген әлдеқайда тиімдірек. ДДСҰ жетекшілік тағайындап, зерттеу жүргізуге көмектесіп, тараптар арасында серіктестік орнатып, барлығының медициналық препаратқа тең дәрежеде қол жеткізе алуын қамтамасыз етеді.

Бұған қоса COVID-19 пандемиясы бір елге қатер төнгенде басқа елдер де қауіптің астында қалатынын көрсетті. Міне, дәл осы себептен өзге елдермен дәрі, вакцина және құрылғыларды бөлісу өте маңызды.

ДДСҰ-ның өңірлік отырыстарында бір министр айтқандай, климат өзгеріп, экология ластанғанда жаңа аурулар пайда болады, ДДСҰ болмаса да, оны құруға тура келер еді.

Ұйымның бөлшектеніп кету ықтималдығы қандай? Сонымен қатар жеке медициналық саясатын қалыптастырып кете алатын елдердің белгілі бір блогы пайда болуы мүмкін бе?

Сыла: Жан-жақтан төніп тұрған көптеген қиындық бар. Бірақ, тағы да қайталаймын, ДДСҰ – мүше мемлекеттердің ұйымы. Медицина, дәрі-дәрмек өндірісі және басқа да салалардағы саясатты әзірлеуге келгенде қатысушы елдер жинап, тағайындайтын техникалық топтар мен сарапшыларымыз бар.

ДДСҰ бөлшектенуді болдырмау үшін барлық мүше мемлекетпен консенсусқа қол жеткізуге тырысады.

Якаб: Субөңірлік бастамаларға арқа сүйейтінімізді де айтып өткім келеді және біз мұның шынымен жұмысты жақсартатынына сенеміз.

Түркі мемлекеттерінің ұйымы немесе ТМД денсаулық сақтау министрлерінің кеңесі сияқты ұйымдар бар. Бұл аймақтардағы елдер денсаулық сақтау жүйесі және проблемалары ұқсас болғандықтан бірігіп жатыр. Олар қауіпсіздік немесе экономикалық даму саласында денсаулықты субөңірлік ынтымақтастыққа қосу өте пайдалы деп есептейді.

Ал ДДСҰ-ның басқа мүшелері арасында ұйымды қаржыландырудан бас тартуға немесе шығуға қатысты ойланып жатқандар бар ма?

Сыла: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрылған кезде оның жарғысына сәйкес ұйымнан шығу құқығы АҚШ-та ғана болды. Басқа мүше мемлекеттер қаржыландыруды қысқарта алады немесе оны тоқтата алады, бірақ ұйымнан шығуға құқығы жоқ.

Өз басым мүше мемлекеттер мен басқа ұйымдар ДДСҰ жұмысының маңызын да, ұйымды тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету арқылы оның жұмысын тоқтатпаудың маңызын да түсінеді деп үміттенемін.

Көптеген ел ДДСҰ-ны қаржылай да, басқа жағынан да қолдап отыр.

Қаңтар және ақпан айларында жаңа еуропалық бағдарламамыз бойынша бірнеше ірі қоғамдық кеңес ұйымдастырдық. Бізді таңғалдырғаны, оларға Еуропа елдерінен 5000-нан астам адам қатысты: академиялық ортаның, үкіметтік емес ұйымдардың және басқа да институттардың өкілдері болды. Біз мұндайды ешқашан көрген емеспіз.

Қатарымыз көбейді, өйткені олар барлық ел тәжірибесі мен ғылымын көрсете алатын платформаларды жоғары бағалайтынын көрсеткісі келді. Бұл денсаулық сақтау жүйесі қалай дамуы мүмкін екенін ойлануға мүмкіндік береді.

Қытайдың немесе басқа да ірі елдердің, әсіресе Еуропа елдерінің ДДСҰ-да жетекші рөлге ие болып, АҚШ-тың орнын басуға ұмтылуы байқалмай ма?

Якаб: Қытай жаһандық денсаулық сақтауда қашаннан өте маңызды рөл атқарды. «Денсаулық Жібек жолы» – олардың «Белдеу және жол» бастамасының бір бөлігі, сол бағдарлама аясында олар Орталық Азияға аса қажет жол қауіпсіздігіне инвестиция салып жатыр. Қытай пандемияға қарсы күресті де қолдайды, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді, телемедицинаны дамытады және тағысын тағы.

Әрине, біз Қытайдың рөлі артып жатқанын құптаймыз. Бірақ АҚШ-тың рөлін басатындай ойыншы болмауы керек. Жаһандық денсаулық сақтауда бір елге тәуелді бола алмаймыз. Бұл көп қырлы көзқарасты қажет етеді. Бір ел осал болса, бәріміз де осал боламыз.

Кейбір елдер маңыздырақ рөл атқаратыны рас. Олардың экономикалық мүмкіндігі көбірек. Бірақ үлкен немесе кішігірім қабілетіне қарамастан, әркімнің үлесі маңызды.

Батыста, Шығыста, Солтүстікте немесе Оңтүстікте болсын, кез келген ел қаржылай жарна немесе жалпы тәжірибесі аясындағы сараптама арқылы әртүрлі үйлестіру платформаларын құрып, ДДСҰ мандатына үлес қоса алады.

ДДСҰ – әртүрлі ел қатыса алатын және бір-бірімен келіссөз жүргізе алатын бейтарап платформа ұсынатын жалғыз ұйым. Сонымен қатар ғалымдарды талқылауға тарта алады. Сондай пікірталастың кейбірінің саяси сипатын алып тастап, деректер мен дәлелдерге сүйене отырып әрекет ету де біздің қолымызда.

Жақын уақытқа қандай жоспарларыңыз бар? Әлемдегі және Қазақстандағы жұмысты қысқарту ойда бар ма?

Якаб: Қазір портфолиомызды жаһандық деңгейде және ДДСҰ-ның еуропалық аймақтық кеңсесі аясында қарастырып жатырмыз. Мақсатымыз – көздеген мақсатымызға сай әрі барынша тиімді жұмыс істеп жатқанымызға көз жеткізу.

Қаржыландырылмайтын кейбір іс-шараларға басымдық беруге мәжбүр болуымыз мүмкін. Кейбір аймақтарда аз ресурспен-ақ жұмысымызды жалғастыра беруіміз де мүмкін.

Бірақ ешкім артта қалмайды. Біз мүше мемлекеттермен және басқа серіктестермен тығыз ынтымақтастықты сақтай отырып, дәрілерге, вакцинаға және басқа да медициналық өнімге әділ және теңдей қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз.

Сыла: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы архитектурасының барлық деңгейінде елдің болуы олардың эпидемиологиялық жағдайына, экономикалық дамуы мен кедейлік деңгейіне, денсаулық сақтау жүйесінің қаншалық әлсіз екеніне қарай жоспарланады.

Бізде ЖІӨ жоғары А санатындағы елдер және ДДСҰ-ның маңызды қатысуын қажет ететін D және E санатындағы елдер бар. Осы аймақтардағы жұмысты күшейтуді жоспарлап отырмыз.

Якаб: Қазақстан туралы айтар болсақ, биыл елде жұмыс көлемін қысқарту жоспарда жоқ. Болашақта да осылай бола береді деп үміттенеміз, өйткені Орталық Азия өңірлік өкілдік үшін өте маңызды аймақ болып қала береді.

Қазақстанның көпжақтылыққа ұмтылуы және жаһандық функциялардың болуы бізге жоғары сапалы жұмысты одан әрі кеңейтуге және жақсы атқаруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз.

Ұйым үшін Қазақстанның қандай маңызы бар?

Якаб: Алғашқы медициналық-санитарлық көмектен бастайық. Біздің жергілікті бөлімше он шақты жыл бұрын құрылған. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросының жіберу нүктесі. 53 мемлекетті қамтитын аймақ бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмекті нығайту бойынша жұмыс жасаймыз.

Қазақстан шынымен де алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету және жалпы медициналық қамту бойынша әлемдік көшбасшы болып саналады.

Бүгінде Қазақстанмен екі инновациялық жобаны жүзеге асырып жатырмыз.

Біріншісі ДДСҰ-ның алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету платформалары деп аталады. Оның алғашқысын Алматы облысының Есік қаласында іске қостық. Бұл платформаның көмегімен жақсы жұмыс істейтін алғашқы медициналық-санитарлық көмекті іс жүзінде көрсетеміз.

Қазақстанға ұлттық және аймақтық деңгейде саясаткерлермен пікір алмасуға келетін басқа елдердің өкілдерін күтіп аламыз. Содан кейін олар барлығын жергілікті деңгейде көрсін деген оймен қонақтарды денсаулық сақтау мекемелеріне апарамыз.

Бұл өте маңызды, себебі әрбір елде алғашқы медициналық-санитарлық көмек денсаулық тарихына, қаржыландыру мен мәдениетке байланысты өрбиді. Мұндай мәселенің әмбебап шешімі болмайды.

Қазір барлығы психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерді қамтитын алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қазақстандық көпсалалы үлгісіне қызығып жатыр.

Бірнеше жыл бұрын іске қосқан платформа сәтті шыққан соң біз тағы екі демонстрациялық платформаны Швецияның ауылдық жерлерінде және Испанияда іске қостық.

Екінші жоба – алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы онлайн ток-шоулар сериясы. Әртүрлі елден денсаулық сақтау министрліктерінің, жергілікті билік органдарының және медициналық мекемелердің өкілдерін үнемі талқылауға шақырамыз. Бұл желіге қазір Еуропадан 8 000 адам кіреді. Ұйымдастыру орталығы осында, Қазақстанда орналасқан.

Ал Қазақстанның ДДСҰ жұмысына қызығуы қай деңгейде? Билік ұйымның жұмысына қосар үлесін арттыруға дайын ба?

Якаб: Қазақстан ДДСҰ-ның 2024-2025 жылдардағы Еуропадағы ең ірі донорларының арасында сегізінші орында тұр. Біз Қазақстанның көпжақты көзқарасты ұстанатынын және денсаулық сақтау саласында ғана емес, сонымен бірге БҰҰ жүйесінде күш-жігерін арттыруды жалғастырып жатқанын естігенде қатты қуандық.

Сыла: Иә, Қазақстан тұрақты бюджетпен қаржылай қолдап отыр және билік көмектің үлесін арттыруға дайын.

Қазақстан алғашқы медициналық-санитарлық көмектің жаһандық коалициясын құруға қолдау көрсетуге және ДДСҰ Еуропалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығына қаржылық қолдау көрсетуге де дайын.

ДДСҰ да Қазақстанға қаржылық қолдау көрсетіп отыр. Елге алдағы үш жылға пандемияға қарсы әрекет ету қоры арқылы 20 миллион доллар грант бөлінді. Бұл қаражат негізінен денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайтуға, эпидемиологиялық қадағалауды жақсартуға және шекаралық бақылау шараларын күшейтуге бағытталады. Сонымен қатар зертханалық қауіпсіздік жүйесі мен жедел әрекет ету механизмін жаңартуға жұмсалады.

Қазақстанның денсаулық сақтау саясатына қандай баға берер едіңіз? Бұл саясат Қазақстанға жақында болған пандемиямен күресуге жеткілікті болды деп ойлайсыз ба?

Якаб: Қазақстанда адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатын ұзақ мерзім тұрғысынан жақсартуға деген ұмтылыс күшті.

Қазақстан халқының негізгі қызметтермен қамтылу деңгейін салыстыра отырып, кейінгі жиырма жылда оның өсіп, еуропалық деңгейге жеткенін байқауға болады.

Ауылдық денсаулық сақтау саласының жақсара түскенін де байқадық, мысалы, мобильді бригадалар пайда болды, оларға инвестиция құйыла бастады, «Денсаулық пойызы» жобасы іске қосылды. Соның арқасында тұрғындар енді медициналық көмек алу үшін алысқа бармайды.

Реттеу функциясы өте мықты екенін байқауға болады. Мәселен, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мектептердегі тамақтануды жақсарту және фастфудқа тыйым салу туралы бастама көтерді.

Бәрі дұрыс жұмыс істей ме? Жауабын деректерге қарап-ақ білуге болады. Негізгі көрсеткіштер айтарлықтай жылдам жақсарып жатыр. Көрші елдерге қарағанда, нәтиже қарқынды. Халықтың өмір сүру ұзақтығы айтарлықтай артып, бала мен ана өлімі азайды.

Жүрек-қан тамырлары аурулары, созылмалы аурулар және жұқпалы емес аурулардан болатын мезгілсіз өлім туралы да айтып өтсем деймін. Бұл аурулар Орталық Азиядағы, Қазақстандағы еңбекке қабілетті халыққа әсер етеді. Осы дерттен болған өлім деңгейі әсіресе ерлер арасында өте жоғары болды. Бірақ қазір бұл көрсеткіш Қазақстанда тез төмендеп барады. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша белгіленген межеге мерзімінен бұрын жеткен тоғыз елдің бірі.

Оң өзгеріспен қатар, түйткілді мәселелер де бар. Қауіпсіздік пен денсаулыққа қатысты қауіп-қатердің артуы, климаттың өзгеруі, су тасқыны, орманның өртенуі және халықтың қартаюы сияқты қатер Қазақстанға да төніп тұр. Мәселе Еуропа елдеріндегідей ушығып тұрмаса да, белгілі бір деңгейде бар.

Сыла: Қазақстан билігінің ДДСҰ-мен ғана емес, көптеген аймақтық билік органымен ынтымақтасуға дайындығы жоғары. Олар денсаулық сақтау саласына инвестиция салуға дайын. Бұл денсаулық сақтау министрлігіне ғана қатысты әңгіме емес. Билік бірнеше министрлікпен, соның ішінде қаржы министрлігімен де бірнеше келісім жасасқан, соның аясында біз түрлі іс-шараны бірлесіп қаржыландырып келеміз.

Әрине, COVID-19 пандемиясы барлық елге қиын сынақ болды. Екінші жағынан, бұл бір мүмкіндік те болды. Қазақстан ол мүмкіндікті денсаулық сақтау жүйесін нығайту, зертханалардың дайындығын жақсарту, инфекцияның алдын алу мен бақылауды жақсартуға пайдаланды.

11–13 наурыз аралығында Шымкентте жұқпалы болып есептелетін зертханалық материалдарды тасымалдау бойынша оқу курсы өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен 30 зертхана маманын жинап, олар осы материалдарды тасымалдау туралы жаңашылдықты оқып білсін деп халықаралық сарапшыларды шақырдық.

Қазір Қазақстанда инфекциялардың алдын алу және бақылау, сонымен қатар әлемнің көптеген елін қамтыған тағы бір созылмалы індет болып есептелетін микробқа қарсы тұрақтылық бойынша біліктілік орталықтарын құру бағытында жұмыс істеп жатырмыз.

Макрожағдай жақсы болуы мүмкін, бірақ микродеңгейге келер болсақ, Қазақстан беретін деректердің барлығы сенімді деп айта аласыз ба? Дәл қазір, мысалы, қызылша ауруы өршіп тұр. Ал Үкімет көп адамды екпемен қамтығанын айтып отыр.

Сыла: Қызылша – өте қиын мәселе, тез жұғатын ауру. Қызылшаға қарсы иммунитеті жоқ және ауру адаммен тығыз қарым-қатынаста болған 10 адамның 9-ы міндетті түрде ауру жұқтырады.

Тағы бір шешуші фактор – пандемия кезінде байқала түскен иммунитет алшақтығы. Қызылша жұқтырған көп адам, соның ішінде балалар да қорқыныш пен ауру туралы қате түсініктің кесірінен қоғамнан оқшауланғанын білеміз.

Вакцина туралы жалған ақпарат тез тарайды, ал бұл көп ата-ананың екпе алуды кешіктіруіне немесе одан бас тартуына себеп болады.

Сондықтан бұл ұлттық деректердің айналасындағы мәселе емес, әлдеқайда күрделі жағдай. Біз шынымен де қызылшаға қарсы екпе салу бойынша барынша көп адамды, әр қауымдастықты, әр ауданды, әр ауылды қамтуымыз керек.

Үкімет мұндай мәселе бар екенін мойындайды және біз күн сайын екпе алу есебінің нақтылығын жақсартуға тырысамыз. Бұл үшін мәлімет жинау жүйесін де, медицина қызметкерлерінің бақылауын да күшейтіп жатырмыз.

Власть — это независимое медиа в Казахстане.

Поддержите журналистику, которой доверяют.

Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.

Поддержать Власть