#

"Енесі күн бермейтін": 23 жастағы ақтаулық блогер жұмбақ жағдайда қаза тапты

  • Финансы
  • 13.10.2023 16:04

Ақтаулық 23 жастағы блогер Айзада Оралова жұмбақ жағдайда қаза тапқан. Марқұмның туыстары оның өліміне енесі кінәлі деп санайды. "Көреміз" бағдарламасы қыздың туыстары мен енесінен мән-жайды сұрап, сөйлесті.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Massaget.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Блогердің денесін жолдасы 23 тамызда жуынатын бөлмеден асылған күйінде тапқан. Алайда, қыздың туыстары өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес екенін айтты.

17 жасында тұрмысқа шыққан Айзада анасы Гүлжихан Ұзақбаеваға өмірінің соңғы сәттерінде бірнеше рет хабарлама жазып, сырымен бөліскен.

Марқұмның анасы.

"Қызым бақытты-баянды ғұмыр кешті деп айта алмаймын. Себебі енесі күн бермейтін. Қызым өмірден өтетін күні түскі уақытта "Мама, атаммен сөйлесесің ғой, қызымды несиеге кіргізіпсіңдер деп айтшы" деп жазды. Жұмыстан қол тимейді, әрі телефон көп ұстай алмайтындықтан "мені араластырмашы" деп бір рет жаздым. Одан кейін телефонды ұстай алмадым. Артынан "Қызыма бірдеңе болса, екеуіңнен көрем деші. Мама, мені ұмыттың бәрің, болды. Ешкімді көргім де, естігім де келмейді, өліп бір тынышталасыңдар. Шаршадым мына өмірден. Өліп қалғым келеді. Өтірік күліп жүре бергім келмейді. Жаным қиналып кетті. Ақшам барда керекпін бәріне" деп хабарлама жазған. Бірден қызыма да, күйеубалама да телефон соқтым. Екеуі де жауап бермеді. 1-2 сағаттан соң маған құдағай хабарласып, "қызыңның үйіне бар, ол өлейін деп жатыр" деді. "Не деп отырсың?" дедім де телефонды қоя салдым. Тағы да соғып, соны қайталады. "Сіз неге бармайсыз?" деп едім, "бармаймын, себебі үйімде адам жоқ, қыз сенікі ғой, өзің бар" деді. Ашуланып, телефонды қоя салдым. Бірақ мен бұған мән бермедім", — деді анасы.

Қайғылы жағдайды қыздың анасына кішкентай жиені естірткен. Ол аудиохабарлама жолдап, тез келуін өтінген.

"Сол күні үйде күйеубала, қызым және жиендер ғана болған. Басқа бөтен ешкім жоқ. Маған жиенім "әже, анам талып қалды, тез келші" деп қорқып аудиохабарлама жолдады. Жұмыстан шыққан бойда бірден бардым. Барсам, "мамасы келе жатыр" деп есікті ішінен кілттеп алды. Есікті қатты қаққан соң ашты. Қарасам, қызым қара пакетте жатыр", — деді Гүлжихан Ұзақбаева.

Айзада нағашы атасына да хабарласып, құдасымен сөйлесуді өтінген.

"Осыдан 4-5 жыл бұрын бір баласымен үйінен алып кеттім. Сол кезде маған енесінің мінезі туралы және атасының сыпыртқымен ұрғанын айтты. Бүкіл қазақта ата мен келіннің төбелесуі өте ұят нәрсе. Бірақ мен "ертең қайта татуласар, ештеңе демей-ақ қояйын" деп мұны айтпадым. Өмірден өтер бұрын да маған хабарласып, құдаға несиелерін төлесін деп айтуымды сұрады. Дүкен ашамыз деп 2 миллионға алған тауарды енесі алып, ақшасын бермеген. Оның ішінде 400 мыңға алқа, 320 мыңға ақ ыдыс, 100 мыңға көйлектер алдыртқан. Мұны маған хабарлама жолдап, жазды. Сосын мен құдамен сөйлестім, бірақ олар несиені төлеп жатырмыз деді", — нағашы атасы.

"Келінімнің мінезі ауыр"

Ал енесі Алтынай Әлиаева келінінің мінезі ауыр екенін айтты.

"Айзада 2017 жылы келін болып түсті. Қызуқанды ашулы мінезі бар еді. Бір сөзді көтермейтін. Соның бәрін "бала ғой" деп кешірдім. Осы уақытқа дейін алты жыл сүйредім. Әр ісіне, бастамасына қолдау білдірдім. Ене мен келін байқауына да қатысып, бірінші орын алдық. Арамыз жақсы болды. 23 тамызда таңертең балам "ақша керек болып тұр, көлігім бұзылып қалды" деп хабарласты. 50 мың теңге жібердім. Түскі уақытта баламның телефонынан Айзада видеоқоңыраумен хабарласты. Қолына жіп ұстап жүргенін байқадым. Шошып кеттім. Ашуланып, түрі де бөлектеу болды. "Бұл не, неғып жүрсің" деп едім, қоя салды. Қайта хабарлассам, алмады. Сосын анасына хабарласып, баруын сұрадым. "Мен бармаймын, ақша сұрады менен, "жоқ" деп айттым" деп дауыс көтеріп, қоя салды. Күйеуіме хабарласып, "жұмыстан жібере ме, осылай болып жатыр" деп айттым. Сөйткенше болған жоқ, балам хабарласып, "Айзада біртүрлі болып кетті" деп, дем жоқ екенін айтты.

Сол күні келінім балама "суға түсіп алайын, түскі асың дайын, балаларды қарай тұр" деп айтқан. Балам шай ішіп жатқан кезде "өзімнің телефонымның қуаты бітіп қалды, сенікін бере тұршы" деп сұрап алған. Телефонын берген. Арты осылай болып отыр", — деді енесі.

Енесінің айтуынша, несие алып, дүкен ашу Айзаданың өз идеясы болған.

"Үнемі "тамақтарың бар ма?" деп жиі сұрап тұрамын. Мойнында көп несие жоқ. Дүкен ашамын деп, 2 миллион алғаны рас. Бірақ мен оған қарсы болдым. Бізге мұның бәрін әбден алғаннан кейін ғана айтты. Ақ ыдысты өзі "үйде мынадай ыдыс жоқ, алайықшы" деп алып келді. Негізі балам екеуі тату-тәтті, бақытты болды", — деді ол.

Марқұм сол күні түскі уақытты абысынына да хабарлама жіберіп, "менің өлімім, менің қаным солардың мойнында" деп жазған. Видеоқоңырау шалатынын айтып, жазып алуын және соны ата-енесіне жіберуді сұраған.

Күйеуі Жанболаттың айтуынша, жары соңғы бір айда қатты уайымдап, шаршағанын жиі айтқан.

"Оның "қиналып кеттім" дегеніне аса бір елемедім. Күнделікті тірлік қой деп ойладым. "Шаршадым, өлгім келеді" дегенін шын деп қабылдамайсың ғой. Мән бермедім.

Үлкен балам есін біліп қалды. "Анам қашан келеді?" деп күнде сұрайды. Алдыңғыкүні "папа, мен бәрін түсініп жатырмын, анам қайтыс болыпты, енді сен өліп қалмашы, бізді кімге тастап кетесің?" деп айтты. Қызым да келген адамдардың ішінен анасын іздеп қарап жүреді", — деді күйеуі Жанболат.

Марқұмның денесіне туыстары сот-медициналық сараптама жүргізген. Нәтижесінде, басының соғылған жарақаты мен жұмсақ тіндеріне қан құйылуы қатты доғал заттың әсерінен немесе сондай затқа соғылудан пайда болуы мүмкін екенін анықтаған.

Еске салайық, бұған дейін зейнеткер келіні өзін малайлыққа ұстап жүргенін айтқаны туралы жарияланған болатын.