Бір жыл бұрын ұзақ үзілістен кейін Алматының қайта құрылған қала құрылысы кеңесінің жұмысы жанданды. Кеңес құрылыс компанияларының жобаларын қараумен, оларды мақұлдаумен немесе пысықтауға қайтарумен айналысты. Барлық жоба қаланың бас жоспар сайтында жарияланатын, сол жерден жүктеп алуға болатын еді. Алайда, жақында бұл опция жоғалып кетті. Қарқынды құрылысқа куә болып жатқан Қазақстанның ең ірі қаласының тұрғындары енді қалада қандай құрылыс салынатынын біле алмайды, өйткені шенеуніктердің ойынша, бұл жобаны әзірлеушілердің авторлық құқығын бұзады екен.
Құрылыс жобаларын бекіту мәселесі бұрын да ашық болды деуге болмайды: қала құрылысы кеңесінің жұмысы жабық есіктің артында өтетін, ал қаралып жатқан жобалар «Басжоспар» сайтына біраз кешігіп жарияланатын. Бірлесіп жобалау, алматылықтарды тұтас аудан құрылысын талқылауға тарту деген ешқашан болған емес. Мамандар бір жерде әлденені талқылады, мына тұрғын үй кешенін қабылдады, ал мынаны пысықтау қажет деген сарында селқос ақпар бере салатын. Қазір осының өзі жоқ болды. Әкімдік құрылыс жобаларына қатысты бүкіл ақпаратты толық жауып тастады.
Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы эскиз жобаларды жариялау және оны жүктеп алу «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңды бұзады дейді. Енді эскиздер мен ақпарат «сол ақпаратты алуға құқығы бар» шектеулі тұлғалар тобына, «сондай-ақ құқық иесінің жазбаша келісімі арқылы басқа тұлғаларға» беріледі.
Десек те, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңда жеке және заңды тұлғалар толық, уақтылы және сенiмдi ақпарат алуға құқығы бар деп жазылған.
Сонымен қатар басқарманың қазіргі ұстанымы Алматы қаласы қала құрылысы кеңесі туралы ереженің 34-тармағына — қабылданған шешімдер бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет ресурстарда жарияланады деген тұсына қайшы келеді.
Осындай уәждерге жауап ретінде урбанистика басқармасы Власть редакциясына Алматы қаласының қала құрылысы кеңесі де, «Алматыбасжоспар» ҒЗИ» ЖШС да әкімшілік орган емес екенін, ал қала құрылысы кеңесінің шешімі әкімшілік акт болып саналмайтынын жеткізді.
Басқарма 1996 жылғы «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңды алға тартып, «архитектура және құрылыс ұйымдары берген эскиз жобалар мен басқа да мағлұматтар соған жататынын» айтты.
Бұған дейін бір жылға жуық уақыт бойы жобалар басқарма сайтында еш қиындықсыз жарияланып келгенін, жүктеп алуға мүмкіндік болғанын былай түсіндіреді: «Бұрын Жұмыс органының сайтында архитектура және құрылыс ұйымдары рұқсат еткен шамада ғана жариялауға мүмкіндік болды, қазір жарияланып жүрген жоқ. Осылай Алматы қаласы қала құрылысы кеңесі туралы ереженің 6-тарауының 34-тармағы толық деңгейде орындалып жатыр».
Басқармадағылар жобаларды жариялау туралы тармақ орындалып жатыр деп есептейді, шын мәнінде біраздан бері ештеңе жарияланған жоқ.
Мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығы жайында айта берсе сөз көп, ал мына жағдай жаңа шындықтың бетін ашады: алматылықтар өз қаласында, өз ауданында, өз көшесінде қандай құрылыс салынатынын енді біле алмайды. Бұл құрылыс компанияларына да, меморгандарға да ыңғайлы. Құрылыс та, ақша да тыныштықты сүйеді. Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы осыған жағдай жасап отыр.
Бұл жабықтық қалыптасқан ахуалмен үйлесіп тұр: бас жоспар ақыры жөндеп жарияланбады, ақпараттың аздығынан талқыланған да жоқ. Алматының 3D картасы ақша жұмсалса да істемейді, 2D карта ішінара ғана істейді. Олар істеп тұрғанда сайттың кез келген қолданушысы кадастр учаскелерін, қызыл сызықтарды, шектелген аймақтар мен басқа да қала құрылыс ақпаратын көре алатын.
Ашық мәліметтер көмегімен қоғамдық бақылаудың болмауы қала құрылысының құжаттарына астыртын өзгеріс енгізуге мүмкіндік береді, жемқорлық қаупін туғызады, билікке сенімсіздікті арттырады. Осы бір қарапайым нәрсені үнемі қайталап айтуға тура келеді.