Төленбеген 6 млн теңге айыппұлы бар Түркістан тұрғыны анықталды. |
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Түркістан облысы ПД Жедел басқару орталығынан қызмет атқарып жүрген патрульдік полицейлерге төленбеген берешегі бар Toyota Camry автокөлігін ұстау туралы дабыл түскен.
Нақтырақ айтсақ, Жедел басқару орталығына сот орындаушысының 6 миллион теңгеден астам төленбеген айыппұлы бар облыс орталығы тұрғынының автокөлігін табу туралы өтініші келген. Кезекші полицей бейнебақылау камераларының көмегімен аталмыш автокөлікті анықтап, патрульдік полиция экипаждарын борышкер-жүргізушіні іздеуге бағыттаған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері Алматы – Ташкент – Термез тас жолында іздеуде жүрген автокөлікті тоқтатып, борышкердің көлігін айыптұраққа қойған.
ІІМ қызметкерлері жүргізушілерге бұрын салынған әкімшілік айыппұлдарын уақытылы төлеуге кеңес береді.