#

Тұрғын үй жинақтау жүйесіне қатысты мемлекеттік сыйақы төлеу тәртібі қайта қаралады

  • Развитие
  • 01.10.2025 11:01

Қазақстанда "Тұрғын үй құрылысына жинақтау" жүйесі бойынша мемлекеттік сыйақылар төлеу тетігін өзгерту ұсынылды, деп хабарлайды LS.

АҚФ кеңесінің төрайымы Елена Бахмутова "Тұрғын үй құрылысына жинақтау" жүйесі бойынша мемлекеттік сыйақылар төлеу тәртібін қайта қарастыру қажеттігін атап өтті.

"Мен барлық азаматтарға бірдей мемлекеттік сыйақы төлеу өте тиімсіз деп санаймын. Ұзақ уақыттан бері бұл төлемдерді тек нақты санаттарға бағыттау қажет пе деген сұрақ бойынша пікірталастар жүріп келеді", – деді Е. Бахмутова .

Сонымен қатар, ол барлық коммерциялық банктер "Тұрғын үй құрылысына жинақтау" жүйесіне қосылған жағдайда, салымшылар үшін тең жағдай қамтамасыз етілуі керек екенін алға тартты.

"Салымшы таңдаған банкіне байланысты қолайсыздыққа ұшырамауы керек деп ойлаймын. Егер ол коммерциялық банктегі салымды таңдаса, мемлекеттен алуға тиісті сыйақыны да алуы тиіс. Қазіргі таңда "Отбасы банкі" мен басқа банктердің өнімдеріне қатысты әртүрлі талаптар болмауы қажет", – деді ол.

АҚФ деректері бойынша, Қазақстандағы тұрғын үй сатып алу-сату мәмілелерінің 80%-ы ипотека арқылы жүзеге асады. Нарықта негізінен "Отбасы банкі" берген несиелер басым, ал ипотекалық пайыздық мөлшерлемелер әрдайым базалық ставкадан төмен.

Е. Бахмутова жеке банктерді "Тұрғын үй құрылысына жинақтау" жүйесіне қосу нарыққа кері әсер етпейді деп санайды.

"Біздің елде жас адамдар көп және тұрғын үй нарығы қарқынды дамып келеді, сондықтан ипотекаға сұраныс әрдайым жоғары. Жаңа сатып алушылар мен салымшылар "Отбасы банкі" мен басқа банктер арасында бөлінеді. Менің ойымша, бұл дұрыс шешім, өйткені ол тұрғындарға көбірек ұсыныс береді және жеке жинақтарды ипотека алу үшін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді", – деді АҚФ кеңесінің төрайымы.

Бұған дейін LS редакциясы хабарлағандай, коммерциялық банктерге "Тұрғын үй құрылысына жинақтау" жүйесіне қатысуға рұқсат беріледі. Қазіргі уақытта жүйеде монополия "Отбасы банкке" тиесілі. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова бұл шешім халыққа қолжетімділікті арттырып, пайыздық ставкаларды төмендетіп, ипотекалық несие алу мүмкіндігін жақсартатынын атап өтті.